2021 жыл 4 қарашада Алматы облысының Білім басқармасы мемлекеттік мекемесінің облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ақселеу Сейдімбектің көркем шығармаларындағы өмір шындығы» атты облыстық вебинар өткізілді. Ашық тәжірибе алаңында Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті ғылымының магистрі, оқытушы Оразқан Алмагүл Сембайқызы «Бақыт балақтан кіріп, басқа қонады» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. А.Сейдімбек: «Ең алғаш адам баласы өзінің адамдық тұлғасын танытып, табанын жерге тигізіп, маңдайын күнге сүйгізіп өз тіршілігінің тізгінін өз қолына алған кезде Бақыт сол адамның балағынан келіп кіреді екен» - демекші адам баласының бойындағы бақытын қалай дамытып, жетілдіріп,бағалап, ұстап қалуға болатынын кезең-кезеңге топтастырғанын оқытушы әріптестеріне жеткізе білді. Мәселен, Бақыт белге жеткенде, белдескеннің белін үзетіндей, тірескеннің тізесін бүгетіндей бойға жойқын күш бітеді, сондықтан беліңнің мықтысы бір басыңа, еліңнің мықтысы мың ғасырға деп өскелең ұрпақты халыққа қызмет етуге шақырады.
Иә, Бақыттың аяқты шалдырмай, белді талдырмай, қарынды жарғызбай, кеудені кергізбей, тілді талдырмай, көзден өкініш жасы болып ағып түспей аман-есен адамның басына жетуі қиын. Аман-есен жетті дегенше, ол адам кемеңгер болады. Дана халықтың «Бақыт балақтан кіріп, басқа қонады» дейтіні содан болса керек. Шын бақыт – басқа қонған Бақыт. Ондай бақыт тепкілесең де кетпейді, - деп автор ертегісін А.Сембайқызы кері байланыс жасау арқылы қорытындылап, мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды.
https://zhgtk.kz/kz/2018-09-21-12-24-32/442-ba-yt-bala-tan-kirip-bas-a-onady#sigFreeId4958c867e8